№1 Автобус паркі жоғары оқу орындарымен әріптестікті нығайтып, болашақ мамандарды тәжірибелік ортада даярлауға ерекше көңіл бөлуде.
Кәсіпорынның маңызды бастамаларының бірі - студенттерді ақылы өндірістік практикамен қамтамасыз ету. Бұл жоба жастарға кәсіби тәжірибе жинақтауға ғана емес, еңбек етіп, қосымша табыс табуға да мүмкіндік береді.
Практикаға Қазақстан-Британ техникалық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қатысуда. Олардың қатарында Амир Қожахан, Даяна Амангельдина, Бауыржан Орзаканов және Жанатбек Турдибаев бар.
Ақылы өндірістік тәжірибенің басты мақсаты - студенттердің университет қабырғасында алған теориялық білімін нақты өндірістік үдерістермен ұштастыру, кәсіби дағдыларын дамыту және еңбек нарығына дайын білікті мамандар қалыптастыру.
Студенттер кәсіпорынның линиялық бақылау қызметінде, өндірістік және тасымалдау бөлімдерінде жұмыс атқаруда. Практика барысында олар нақты өндірістік процестермен танысып, кәсіпорынның ішкі жұмыс жүйесін зерттеп, көлік логистикасы, техникалық бақылау және өндірістік жоспарлау бағыттары бойынша тәжірибе жинақтауда.
Амир Қожахан, Қазақстан-Британ техникалық университетінің 3-курс студенті: «Қазіргі таңда №1 автобус паркінде өндірістік практикадан өтіп жүрмін. Бұл практика маған алдағы уақытта еңбекке етене араласып кетуіме үлкен сенімділік сыйлады».
Даяна Амангельдина, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті: «Бұл практика біз үшін өте пайдалы. Университетте алған білімімізді нақты жұмыс барысында қолданып, қоғамдық көлік саласының қызметімен жақынырақ танысып жатырмыз».
№1 Автобус паркі үшін бұл жоба әлеуметтік жауапкершілік аясындағы бастама ғана емес, сонымен бірге саланың болашақ кадрларын даярлауға бағытталған стратегиялық инвестиция.