Республика күні және Автомобиль көлігі қызметкерлері күніне орай «№1 Автобус паркі» АҚ қызметкерлеріне арналған мерекелік концерт өтті.
Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев пен қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин қатысып, қызметкерлерге алғыс хаттар мен медальдар табысталды. Оның ішінде «Үздік қызметкер – 2026» аталымының жеңімпаздарын «Адал қызметі үшін» медальдарымен Автобус паркінің Басқарма төрағасы Абат Шыныбеков марапаттады. Олардың қатарында автобус жүргізушілері, желілік бақылау қызметкерлері және басқа да мамандар бар. Сондай-ақ ерекше атап өтетін жайт, сегіз қызметкерге Отбасы банкімен бірлескен жоба аясында жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік беретін сертификат табысталды. Аталған жобаға 100 млн теңге бөлінді. Мерекелік концерт Қазақстанның танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтті.