Күзгі спартакиада ойындары басталды

02 октября 2026 г.Новости

«№1 Автобус паркі» АҚ-да «Автомобиль көлігі қызметкерлері» күніне орай күзгі спартакиада ойындары басталды. Бұл жолы автобус жүргізушілері мен кәсіпорынның өзге де мамандары рөлде емес, спорт алаңында бақ сынамақ. Сайыс 2–17 қазан аралығында спорттың 10 түрінен өтеді. Олар: мини-футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, армрестлинг, гір көтеру, дартс.

Спартакиаданың ашылуында «№1 Автобус паркі» АҚ Басқарма басшысы Абат Шыныбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай шаралардың ұжым бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ «Алтын домбыра» ұлттық өнер мектебінің 50 домбырашысы «Балбырауын», «Еркесылқым» күйлерін тартты. Салтанатты ашылудан кейінгі алғашқы сайыс мини-футболдан басталды. Оған 9 командадан 100-ден аса қызметкер қатысты. Қатысушы командалар: 1. Бірлік 2. Тайбурыл 3. Сұңқар 4. Тұлпар 5. Эталон 6. Арлан 7. Арыстан 8. Намыс 9. Абырой. Жарыс нәтижесінде: I орынды «Сұңқар», II орынды «Бірлік», III орынды «Намыс» командасы иеленді. Жалпы 10 спорт түрінен сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен қатысушылар 17 қазан күні анықталады. Еске сала кетейік бұған дейін кәсіпорын қала күні қарсаңында жазғы спартакиада ойындарын өткізілген болатын. Мекеменің мұндай спорттық іс-шараларды өткізудегі мақсаты – қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, ұжымдық байланысты нығайтуға және корпоративтік мәдениетті дамытуға бағыттау. №1 Автобус паркі» АҚ елорда тарихымен біте қайнасқан тарихы терең кәсіпорын. Өткен ғасырдың орта шенінен басталатын мекеме елордамен бірге дамыды. Қазір Астанада тәулігіне жалпы саны 1100-1200 аса қоғамдық көлік рейске шықса соның 835-і №1 Автобус паркіне тиесілі.Күн сайын қала тұрғындары мен қонақтарына 78 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның 44-і қалалық, 26-сы қала маңы, 7-уі экспресс бағыттар. Біздің қызметімізді күнделікті 500 мыңға тарта жолаушы пайдаланады.