Құрметті ардагерлер, қадірлі аға-апалар!

01 октября 2026 г.Новости

Құрметті ардагерлер, қадірлі аға-апалар! Сіздерді бүгінгі келіп жеткен мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! №1 Автобус паркінің тарихы – бұл тек автобустар мен маршруттардың тарихы емес. Бұл – осы кәсіпорында еңбек еткен мыңдаған адамның өмір жолы. Бүгінде кәсіпорын өткен ғасырдан бастау алған тарихын жалғастырып, 78 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетіп келеміз. Күн сайын 800-ден аса автобус жолға шығып, мыңдаған қала тұрғыны діттеген жеріне жетеді. Осы жүйенің қалыптасуына сіздердің де өлшеусіз үлестеріңіз бар. Бүгінгі жетістіктерімізді өткеннің еңбегінен бөлек қарастыру мүмкін емес.

Қазірде автопаркте еңбек етіп жүрген қызметкерлер сіздер қалыптастырған дәстүрді жалғастырып келеді. Сондықтан есімдеріңіз бен еңбектеріңіз кәсіпорын тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді. Әр жыл сайын мекемемізден қажырлы еңбек етіп, абыройлы қызмет жасаған әріптестерімізді құрметпен зейнетке шығару дәстүрге айналған. Олар біздің құрметті ардагерлер қатарын толықтыруда. Зейнетке шығу – еңбек жолының аяқталуы емес, өмірдің жаңа кезеңінің бастауы. Біз сіздердің еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз және мақтанамыз. Сіздермен байланыс ешқашан үзілмейді. Ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне бейжай қарамай, ақыл-кеңестеріңізбен бөлісіп жүргендеріңіз біз үшін қымбат. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Құрметпен, «№1 Автобус паркі» АҚ Басқарма басшысы А.А. Шыныбеков