Қауіпсіздік пен жолаушыларға сапалы қызмет көрсету – басты міндет

15 октября 2026 г.Новости

«№1 Автобус паркі» АҚ басқарма төрағасы Абат Шыныбеков дәстүрге сәйкес, кәсіпорынның 2-колонна жүргізушілерімен кездесу өткізді.

Кездесуде қоғамдық көліктің басты міндеті – тұрғындарды діттеген жеріне уақытылы әрі қауіпсіз жеткізу екені атап өтілді. Осыған сәйкес, автобустардың техникалық жағдайын бақылау, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жүргізушілердің жұмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Кептелістің алдын алу мақсатында жанармай құю уақыты реттеліп, аумақты жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда жүргізушілерге арналған демалыс бөлмесін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Колонна қарамағында 300 газбен жүретін автобус бар. Қазір бөлімше 13 қалалық, 7 экспресс және 7 қала маңы бағыттарында жолаушыларға қызмет көрсетеді. Айта кетейік, 2-колонна – кәсіпорындағы жүргізушілер саны ең көп бөлімше. Бүгінде мұнда 579 жүргізуші еңбек етеді. Өткен қыркүйек айында 100 жүргізуші жұмысқа қабылданған. Олардың күнделікті еңбегі елорда тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.