Қала күні қарсаңында №1 автобус паркінің қызметкерлері марапатталды

03 июля 2026 г.Новости

Қала күні қарсаңында №1 автобус паркі аумағында мерекелік іс-шара өтіп, ұжым қызметкерлері марапатталды. Басқарма басшысының құттықтау сөзімен басталған жиында мекеменің әлеуметтік бастамалары таныстырылып, қызметкерлердің еңбегі жоғары бағаланып, спартакиада жеңімпаздары анықталды.

Жиын барысында ұжым үшін маңызды жаңалықтар айтылды. Атап айтқанда, алдағы уақытта №1 автобус паркі қызметкерлері үшін баспана алу мүмкіндігі қолжетімді болмақ. – Қазір «Отбасы банкпен» жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие беру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жатақхана мәселесі де назарда. Қазіргі таңда онда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Басқарма басшысы. Сондай-ақ ол қызметкерлердің балалары үшін жаз мезгілінде апта сайын Астана қаласы мен оның маңындағы көрікті орындар мен ойын-сауық орталықтарына экскурсиялар ұйымдастырылып жатқанын, бұл игі бастама жаз бойы жалғасатынын атап өтті. Мәселен, осыған дейін балалар 2 рет Бурабайға, бірнеше рет қаладағы Ailand секілді бірнеше ірі ойын орталықтарына барған. №1 автобус паркі – Астанамен бірге өсіп-өркендеген, тарихы терең мекеме. Елорда құрылған кезде халық саны 300 мыңнан сәл асса, бүгінде бұл көрсеткіш 1 миллион 668 мың 750 адамға жетті. Қаламен бірге қоғамдық көлік жүйесі де қарқынды дамып келеді. – 1998 жылы қалада 633 автобус пен 57 троллейбус қатынап, тәулігіне 135 мыңнан астам жолаушы тасымалданған. Ал бүгінде Астана көшелерінде күн сайын 1100-ден астам автобус қызмет көрсетеді. Соның 850-і – №1 автобус паркіне тиесілі. Автопаркіміз тәулігіне 500 мың, ал аптасына 3,5 миллион жолаушыны діттеген жеріне жеткізеді. Бұл – ең алдымен, сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Миллиондаған тұрғынның қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етіп жүрген барша қызметкерлерімізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Әрқайсыңыздың еңбектеріңіз бағалы, – деді Басқарма басшысы. Жиынның жарқын сәттерінің бірі – Қала күніне арналған спартакиаданың қорытындысын жариялау болды. Спорттың тоғыз түрінен өткен жарыста ерекше көзге түскен қызметкер – Шоқан Джанахметов. Ол шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан үш бірдей бірінші орынды жеңіп алып, №1 автобус паркі тарихындағы ең жылдам, ең алғыр әрі ең білгір ойыншы атанды. Шоқан 1 колоннаның автобус жүргізушісі. Бір қызығы, дәл осы күні оның туған күні еді. Әріптестері бұл жетістігін әзіл-шыны аралас «туған күніне арналған комбо-сыйлық» деп бағалады. Барлық жарыстардың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: І орын – 1 колонна ІІ орын – 5 колонна ІІІ орын – Кәсіподақ ұйымы Мерекелік жиын соңында спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ мекеменің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер арнайы дипломдармен және марапаттармен наградталды. Қала күні қарсаңындағы бұл басқосу ұжымның ауызбірлігі мен еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Элеонора Әзіржанова