«№1 Автобус паркі» АҚ – Астана қаласындағы ең көне әрі ірі жолаушылар тасымалдаушы кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның қалыптасу және даму тарихы елорданың қоғамдық көлік жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Шағын автопарктен басталған кәсіпорын бүгінде қаладағы қоғамдық көлік саласының көшбасшыларының біріне айналды. Қазіргі таңда кәсіпорын қалаішілік, қала маңындағы және экспресс бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Барлығы 78 бағытқа қызмет көрсетіп, күн сайын 500 мыңға жуық, ал аптасына шамамен 3,5 миллион жолаушыны тасымалдайды. Сонымен қатар кәсіпорын автобустары халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларға қызмет көрсетіп, еліміздің халықаралық беделін арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Кәсіпорынның құрылу тарихы 1954 жылғы 1 шілдеде Ақмола облыстық автомобиль көлігі және тас жолдар басқармасының №2 автобазасы құрылды. Дәл осы кезеңде басталған тың игеру науқаны қала өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Мыңдаған адам жаңа өңірге қоныс аударып, халық санының күрт өсуі қоғамдық көлікке деген сұранысты еселеп арттырды. 1954–1960 жылдар арасында автобус паркі өндірістік базасын қалыптастырып, жаңа маршруттар ашылды, автобустар саны көбейді, жүргізушілер мен техникалық мамандар қатары толықты, автобус базасының өндірістік қуаты кеңейе бастады. Алғашқы кезде тұрғындар үсті березентпен жабылған, ішінде ағаш орындықтары орнатылған жүк көліктерімен тасымалданады. Бұл қоғамдық көліктің ең алғашқы кезеңі болатын. Ол кезде Ақмола қаласының халқы шамамен 70 мың адамды құрады. Дәл осы жылдар Тың игеру жылдарымен тұспа-тұс келген, қаланың қарқынды дамып, жолаушылар тасымалына сұраныс күн сайын артқан мезгілі. 1961 жылы қала атауы Целиноград болып өзгертілді. 1962 жылы наурыз айында Тың өлкесі Автотресінің бұйрығымен Целиноград қаласында №1 автобус паркі құрылды деген деректер кездеседі. Алғашында кәсіпорын қазіргі №2 автобус паркінің аумағында, яғни С.Сейфуллин көшесі (бұрынғы Революционная көшесі) мен А.Сембинов көшелерінің қиылысында орналасқан. 1960-жылдары Мәскеуде шығарылған ЗИС, ПАЗ және ЗИЛ автобустары пайдаланылды. Кейін Мәскеудегі Ликино автобус зауыты бұл автобустарды қалалық жолаушылар тасымалына ыңғайлап, міну баспалдақтарын төмен, ал жолаушылар сыйымдылығын жоғары етіп өндіре бастайды. Қалыптасу және даму кезеңі Кез келген кәсіпорынның қалыптасуы белгілі бір қиындықтармен қатар жүреді. Ұжым қалыптастыру, өндірістік базаны құру және жылжымалы құрамды жасақтау сияқты маңызды кезеңдерден №1 автобус паркі де сәтті өтті. 1974 жылдың қыркүйегінде кәсіпорын қазіргі орналасқан аумағы Пушкина 37/2 мекенжайына көше бастады. Қоныс аудару жұмыстары сол жылдың қазан айының соңында толық аяқталды. 2014 жылы осы тарихи оқиғаға 40 жыл толса, 2024 жылы кәсіпорын қазіргі өндірістік аумақтағы қызметінің 50 жылдығын атап өтті. 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдардың басында автопарк Венгрияда шығарылған «Икарус» автобустарымен толықтырылды. Ол кезеңде бұл автобустар Кеңес Одағы үшін негізгі қоғамдық көлік саналып, автопарктің жартысына жуығы дизельді қозғалтқышы бар заманауи автобустармен жабдықталды. Сол уақытта №2 автобус паркі қала маңы, ауданаралық тасымалдарды жүзеге асырғандықтан, қалаішілік жолаушылар тасымалының негізгі бөлігі №1 автобус паркіне жүктелді. Қаланың қарқынды дамуына байланысты жолаушылар ағыны да арта түсті. Осыған орай 1983 жылы бес бағыттан тұратын троллейбус басқармасы құрылып, қаладағы жолаушылар тасымалының 8–10 пайызын қамтамасыз етті. Дегенмен бұның өзі №1 автобус паркінің жүктемесін азайтпады. Өйткені қала халқы күннен-күнге көбейіп жатты. Қаладағы алғашқы автобустар Архивтік мәліметтерге сүйенсек, кеңес одағы кезінде Ақмолада негізінен мына модельдер пайдаланылған: * ЗИС-155 – қалалық бағыттардың негізгі автобусы; * ГАЗ-651 – шағын сыйымдылықтағы автобус; * ПАЗ-651 – жұмысшылар мен қала маңындағы жолаушыларды тасымалдауға арналған автобус. Бұл автобустар ағаш пен металдан жасалған қарапайым салондарымен, қазіргідей автомат емес, механикалық қозғалтқышымен ерекшеленді. Тәуелсіздік жылдарындағы сындарлы кезең 1 990-жылдардағы экономикалық қиындықтар көптеген кәсіпорындарға ауыр тиді. Соған қарамастан №1 Автобус паркі өз ұжымын, өндірістік базасын және жылжымалы құрамын сақтап қала алды. Бұл, ең алдымен, қызметкерлердің кәсібилігі, бірлігі және ортақ мақсатқа деген адалдығының нәтижесі болды. Заманауи жаңғыру кезеңі Бүгінде кәсіпорын қоғамдық көлік қызметін жаңа деңгейде дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Автобус паркі мен өндірістік жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып, материалдық-техникалық база жетілдірілуде. 2018 жылдың шілде айында электрондық жолақы төлеу жүйесі (ЭСОП) енгізілді. Бұл қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға толық көшуге мүмкіндік беріп, адам факторын азайтты, қаржылық тәртіпті күшейтіп, кәсіпорын кірісінің ашықтығын қамтамасыз етті. Қазіргі таңда жолаушыларға заманауи газбен, тоқпен және дизелді автобустары қызмет көрсетеді. Бүгінгі жетістіктер Қазіргі уақытта «№1 Автобус паркі» АҚ елорданың қоғамдық көлік жүйесіндегі негізгі тасымалдаушылардың бірі. Кәсіпорын иелігінде барлығы 1300-ден аса автобус бар. Оның ішінде газбен 300 автобус, тоқпен 120 автобус, дизельмен 700-ден аса автобус қызмет көрсетіп жүр. Жалпы, қазір Астана қаласы бойынша күн сайын желіге 1100 автобус шығады. Оның 830-ы №1 Автобус паркіне тиесілі. Яғни кәсіпорын қаладағы күнделікті рейске шығатын автобустардың шамамен 77%-ын қамтамасыз етіп отыр. Және барлығы жазда салқындатқышпен, қыста жылытқышпен қамтылған. Астанадағы жолаушылардың қолайлылығын жақсарту мақсатында 2025 жылы газбен жүретін соңғы үлгідегі 300 автобус сатып алынды. Айта кету керек, кәсіпорын өткен жылы 169 миллионнан астам жолаушыны тасымалдады. Оның ішінде 53 миллионға жуығы – жеңілдікпен жол жүретін әлеуметтік санаттағы азаматтар. Кәсіпорын цифрландыру, өндірісті жаңғырту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыруда. Негізгі мақсат – елорда тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз, жайлы, қолжетімді әрі сапалы қоғамдық көлік қызметін ұсыну және Астана қаласының заманауи көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу. Тарихи өзгерістер * 1954 ж. – Ақмола облыстық басқармасының №2 автобазасы құрылды. * 1961 ж. – Целиноград автобазасы №1 болып қайта аталды. * 1962 ж. – «Целиноград автобус паркі №1» атауын алды. * 1974 ж. – Кәсіпорын қазіргі Пушкин көшесі, 37/2 мекенжайына көшірілді. * 1999 ж. – «Автобус паркі №1» ААҚ болып қайта құрылды. * 2004 ж. – Акционерлік қоғам мәртебесін алды. Бүгінгі №1 Автобус паркі Бүгінде №1 Автобус паркі – еліміздегі ең ірі жолаушылар тасымалдаушы кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын: * күн сайын 500 мыңнан астам жолаушы тасымалдайды; * 2000-нан астам қызметкерді жұмыспен қамтып отыр; * желіге күн сайын 830 автобус шығады; * соңғы үлгідегі заманауи автобустармен жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда «№1 Автобус паркі» автобустары 78 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде 44 қалалық, 26 қала маңындағы және 7 экспресс-маршрут бар. Күн сайын шамамен 830 автобус рейске шығады. Күнделікті автобус қызметін шамамен 500 мың жолаушы пайдаланса, бір апта ішінде бұл көрсеткіш 3,5 миллион адамға жуықтайды. Бүгінде автобус паркінде 1 800-ден астам жүргізуші еңбек етеді. Автобус паркі үшін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы мен олардың отбасыларына қолдау көрсету де маңызды бағыттардың бірі. Мәселен, осы оқу жылы қарсаңында парк қызметкерлерінің бірінші сыныпқа баратын 170 баласына қажетті оқу құралдары салынған мектеп сөмкелері табысталды. Сонымен қатар әр балаға мектеп формасын сатып алуға арналған 30 мың теңгелік сертификат берілді. Ал бұл жылда қайталанатын үрдістердің бірі. Жазғы демалыс кезеңінде де қызметкерлердің балалары үшін түрлі танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. 800-ден астам бала Астана қаласы мен оның маңындағы Алжир секілді музейлерге, көрікті және тарихи орындарға, сондай-ақ Бурабайға бірнеше мәрте саяхаттап, ерекше демалыс өткізді. Балаларды қуанту мақсатында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай қалалық Ailand ойын-сауық кешені арнайы автобус паркінің қызметкерлерінің балалары үшін жалға алынды. Осы күні 600 бала таңнан кешке дейін түрлі ойын-сауықтарға қатысып, көңілді уақыт өткізіп, арнайы ұйымдастырылған тамақтанумен қамтылды. Ал Қала күніне орай автобус паркі қызметкерлері мен олардың балалары арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жүлделі орындарға ие болып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мұның барлығы – бүгінгі жетістікті сақтап қана қоймай, болашаққа нық қадам басуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. №1 Автобус паркі үшін басты құндылық – адам. Сондықтан кәсіпорын алдағы уақытта да заманауи талаптарға сай дамып, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауды, ұжымның әлеуетін арттыруды және елорда тұрғындарына сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуді жалғастыра береді. Өйткені жақсы жол – жақсы адамдардан басталады.