Алдағы Білім күні қарсаңында №1 автобус паркінің Профсоюз ұйымы кәсіпорында еңбек ететін 170 қызметкердің биыл 1-сыныпқа баратын балаларына қуаныш сыйлады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерге оқу құрал-жабдықтары салынған жаңа мектеп сөмкелері тарту етілді. Дәстүрлі шараның биылғы ерекшелігі – әр балаға мектеп формасын сатып алуға арналған 30 мың теңгелік сертификаттың қоса табысталуы.
Бұл – жас бүлдіршіндердің жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастап, мектепке қажетті заттармен толық қамтылуына жасалған үлкен қолдау. №1 автобус паркі ұжымы қызметкерлерінің отбасыларына, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөліп, олардың қуанышына себеп болуды игі дәстүрге айналдырып келеді. Атап айтқанда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Айланд» ойын-сауық кешені бір күнге толықтай жалға алынып, тек парк қызметкерлерінің балаларына арнайы көңілді демалыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар балалармен бірнеше мәрте Бурабайға туристік сапар жасалып, тарихи мұражайлар мен мемориалдық кешендерге, сондай-ақ танымдық әрі көрікті жерлерге апарылды. Жаңа оқу жылын бастағалы отырған бүлдіршіндерге сәттілік тілейміз! Ержан Джаббаркулов, №1 Автобус паркінің автобус жүргізушісі: Бүгінгі шараға егіз қыздарым Назерке мен Жанеркені ертіп келдім. Биыл қос қызым да 1-сыныпқа қадам басқалы отыр. Сондықтан көңілімізде үлкен толқыныс, қуаныш пен ерекше тебіреніс бар. Алдағы Білім күніне орай №1 Автобус паркінің Профсоюз ұйымы бірінші сыныпқа баратын балаларымызға оқу-құралдары салынған сөмкелер сыйлады. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш әрі балапандарымыздың мектепке деген алғашқы қадамына көрсетілген керемет қолдау. Сөмкенің ішінде бірінші сыныпқа қажетті оқу құралдарының бәрі бар екен. Сонымен қатар, мектеп формасын сатып алуға 30 000 теңге көлемінде сертификат та сыйлады. Осындай жанашырлық пен қамқорлыққа шын жүректен қуанып, алғысымызды білдіреміз. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет! Осындай игі іс-шаралар жалғасын тауып, балаларымызға қуаныш сыйлай берсін! Мөлдір Бейсенбайқызы, автобус жүргізушісінің жұбайы: Мен осы кәсіпорынның автобус жүргізушісі Шыныуар Рахатжанның жолдасымын. Ол кісі қазір рейсте, сол үшін бүгінгі шараға мен келдім. Баламыз Абдурахим биыл мектеп табалдырығынан аттайды. Кәсіпорын басшылығына, ұжымына үлкен алғыс білдіреміз. Бұндай сыйлықты екінші рет алуымыз, бір жыл бұрын үлкен баламыз да алды. Ішінде керекті оқу-құралдарының бәрі бар. Биылғы ерекшелік мектеп киіміне 30 мың теңге сертификат та қосыпты. Осындай мейрамдарда бізді елеп-ескеріп, сыйлықсыз қалдырмайды. Барлығы үшін рахмет! Жанболат Сәкенұлы, №1 Автобус паркінің автобус жүргізушісі: Бүгін біздің №1 Автобус паркінде мерекелік күн өтіп жатыр. Биыл екінші жыл қатарынан мектеп құралдары салынған сөмке сыйға алудамыз, былтыр үлкен қызымыз Раяна 1-сыныпқа барарда алды. Енді Алла қаласа екінші қызымыз Алтынай 1-сыныпқа барады. Және бізбен бірге осы жердегі бірінші сыныпқа баратын барлық балаларға 30 000 теңге мектеп формасына сертификат берілді. Мұның алдында Бурабайға, өзге де көрнекті жерлерге қыдыртты. Жалпы, осының барлығы үшін үлкен рахмет, алғысымыз шексіз. Ұлжалғас Серікбай, автобус жүргізушісінің жұбайы: Мен Дәулет Құдайбергеновтың жолдасы боламын. Отағасы осы жерде 10 жылдан бері автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Баламызды бүгінгі шараға әкелдім. Жыл сайын осындай мерекелерде бізді сыйлықсыз қалдырған емес. Осындай сыйлықтарына отбасымызбен қуанып, мәре-сәре боламыз. Бұл жылы 1-қыркүйек білім күніне байланысты екінші баламыз сыйлық алып тұр. Бұдан 2-3 жыл алдын үлкен баламыз да дәл осылай оқу-құралы толы сөмке алды. Сөмканың іші өте берекелі, барлық оқу құралдарын салыпты. Қарындаш, желім, дәптерлеріне дейін түгендеген. Тіпті, сыртқы қалтасында мына 0,5 литр суға дейін салған. Соған дейін ойластырыпты, көріп риза болдық. Шыны керек, бүгін күн ыссы да шөлдеп тұғанбыз. Қалтасында суды көріп қуанып кеттік (күліп). Әрі өте ерекше ұнаған сыйлығы – мектеп киімін алуға берілген отыз мың теңге сертификат. Біздің әкеміздің жұмысы қиын болғанымен, осындай өзіндік қызықшылықатры, артықшылықтары бар. Бірінші автобус паркі басшылығына және ұжымына үлкен рахмет! Сіздерге алғысымызды білдіреміз, үнемі бізді осындай сыйлықтармен қуантып жүресіздер. Әкеміз жұмысқа кеткенде Аллаға аманат деп отырамыз, артынша осындай сыйлықтары бізді қуантады.