Басқарма басшысы Абат Шыныбеков 3-колонна жүргізушілерімен кездесті. Кездесу барысында жүргізушілерді толғандырған мәселелер, маршруттар бойынша, аялдамалардағы қауіпсіздік мәселелері, автобустарды қысқы маусымға дайындық, жол инфрақұрылымы мен жүргізушілердің еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Басқосуда айтылған бірқатар жайттарға тоқталсақ. Алдағы уақытта парктегі автобустардың артқы терезе тұсына бейне камералар орнату жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 14 автобуста мұндай камералар бар. Сондай-ақ жүргізушілердің жеңіл көліктердің автобусқа жол бермейтініне қатысты шағымдары тыңдалды. Мұндай кезде құқық бұзушылықты фотоға түсіріп, е-өтініш немесе I-Komek жүйесіне жіберу мүмкіндігі түсіндірілді. Сонымен қатар, автобустардың орындықтарын тазалауға арналған арнайы жуу шаңсорғышы мен химиялық тазартқыш құралдар сатып алынғаны айтылды. Алдағы дүйсенбіден бастап барлық автобустың орындықтары кезекпен жуылады. Қазір №3 колоннада 370 жүргізуші бар. 241 автобус рейске шығады. Оның 120-сы электробус, 121-і дизельмен жүреді. Жоғарыда аталған жұмыстар жүргізушілердің еңбек жағдайын жақсартуға, сондай-ақ қоғамдық көліктің қауіпсіздігі мен тазалығын арттыруға бағытталған.