Отбасы күніне орай №1 Автобус паркінде қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған «Бір команда – бір бағыт» атты тимбилдинг іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ұжымдағы корпоративтік мәдениетті нығайту, қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты арттыру және отбасы құндылықтарын дәріптеу. Тимбилдингке кәсіпорын қызметкерлерінен құралған 50 отбасы қатысып, балаларымен бірге жалпы саны 150-ге жуық адам қамтылды.
Шараның ашылуында №1 Автобус паркінің Басқарма төрағасы Абат Шыныбеков жиналған қауымды Отбасы күні мерекесімен құттықтап, отбасының қоғамдағы және әрбір адамның өміріндегі ерекше орнына тоқталды. Сондай-ақ еңбек ұжымындағы ауызбіршілік пен өзара қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар үшін таңғы кофе-брейк пен түскі ас ұйымдастырылып, спорттық және интеллектуалдық ойындар өткізілді. Отбасылар түрлі сайыстарға қатысып, ұйымшылдықтарын, тапқырлықтары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға естелік және отбасылық сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар командалар «Ең ұйымшыл команда», «Ең шығармашыл команда», «Ең білімді команда», «Ең тапқыр команда» және «Ең белсенді команда» номинациялары бойынша марапатталды. Мұндай іс-шаралар ұжым мүшелерін ғана емес, олардың отбасыларын да жақындастырып, кәсіпорын ішіндегі бірлік пен өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.