№1 Автобус паркінде қалалық полиция мен прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен ұжымға арналған профилактикалық кездесу өтті. Жиын есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға, есірткі айналымы қаупінен сақтануға және жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Қоғамдық көлік жүргізушілері күн сайын елорданың түрлі аудандарында қызмет атқарып, көптеген жолаушымен байланыста болады. Қаланың тыныс-тіршілігін жақсы білетін жүргізушілердің қырағылығы мен жауапкершілігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жүргізушілерге есірткінің таралуына немесе кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуына қатысты белгілі болған фактілерді назардан тыс қалдырмай, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлаудың маңыздылығын түсіндірді. Жүргізушілердің басым бөлігі ата-ана болғандықтан, мамандар балалардың мінез-құлқына, араласатын ортасына, көңіл-күйі мен қызығушылықтарындағы өзгерістерге мұқият болуға шақырды. Сондай-ақ балалармен есірткінің зияны мен одан туындайтын қауіптер туралы ашық әрі уақтылы сөйлесудің маңыздылығы атап өтілді. №1 Автобус паркі үшін қызметкерлердің қауіпсіздігі ғана емес, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру да маңызды. Осындай профилактикалық кездесулер ұжым мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, полиция мен еңбек ұжымдарының бірлескен іс-қимылын күшейтуге мүмкіндік береді. Қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан әрбір азаматтың қырағылығы мен бейжай қарамауы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жастарды зиянды әдеттерден қорғауға өз үлесін қоса алады.