Автомобиль көлігі қызметкерлері күні қарсаңында «№1 Автобус паркі» АҚ-да кәсіпорын тарихын ұлықтауға, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетуге және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар маңызды іс-шара өтті.
Мереке аясында автобус паркінің музей бұрышы ашылып, кәсіпорынның тарихы мен қалыптасу жолын таныстыруға мүмкіндік туды. Ашылу салтанатына арнайы шақырылған ардагерлер қатысып, оларға құрмет көрсетіліп, ақ дастарқан жайылды. Сонымен бірге парк ауласында «Өткенге тағзым – еңбекке құрмет» атты Құрмет тақтасы ашылды. Онда жалпы 60-қа жуық адамның фотосуреті орналастырылған. Олардың қатарында автобус паркінен зейнетке шыққан, көпжылдық еңбегімен үлгі болған 30-ға жуық ардагер және бүгінде кәсіпорында абыроймен еңбек етіп жүрген 30-ға жуық автобус жүргізушілері мен өзге де мамандар бар. Тағы айтулы жайттың бірі кәсіпорын аумағының көркін арттыру мақсатында гараж ғимаратының сыртына үлкен мурал салынды. Бұдан бөлек, диспетчерлер мен медицина қызметкерлеріне арналған жаңа ғимарат ашылды. Қызметкерлердің күнделікті жұмысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған тағы бір жаңалық – заманауи асхана пайдалануға берілді. Аталған бастамалар – мерекенің мазмұнын толықтырып, кәсіпорын тарихына құрмет көрсету, еңбек адамын қадірлеу және ұжым үшін қолайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдар.